Былтыр, 2018 жылы Қaзaқстaннaн шeт eлдeргe eм aлуғa 89 нaуқaс aттaнғaн. Oлaрдың 96 пaйыздaн aстaмы тoлығымeн дертінен айығып шыққан. Жыл сайын науқастарға шетелге емделуге жолдама беру үшін мемлекеттік бюджеттен 1,6 миллиард теңге сомасында қаражат бөлінеді екен. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Tengrinews.kz редакциясының сауалхатына берген жауабында айтылады.
Ведомство мамандары елімізде емдеуге келмейтін ауру түрлері және сол дертке шалдыққан науқастардың мемлекеттік жолдама арқылы қай мемлекеттерге барып ем алатынын айтып берді. Сонымен, қазақстандықтар елімізде емдеуге келмейтін 8 ауру түрі бойынша шетелге жіберіледі екен. Бұл «Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу қағидаларын бекіту туралы» қағадасында жазылған. Сегіз ауру түрінің тек шетелде емделетіні жазылған.
Олардың тізімі мынадай:
1. Мидың хирургиялық қолжетімсіз және функциялық елеулі аумағындағы радиохирургиялық емдеу әдісін (гамма-пышақ, кибер-пышақ) талап ететін артерия-веналық мальформациялары мен ісіктері.
2. Эндоваскулярлық емдеу үшін ми діңі, жұлын тамырларының артериялық-веналық мальформациялары және артериялық аневризмдер.
3. Трансоралдық алып тастау үшін бассүйек негізінің ісіктері.
4. Радиохирургиялық емдеуді (гамма-пышақ кибер-пышақ, радио белсенді аппликаторлар) талап ететін көздің қатерлі ісіктері.
5. Кератопротездеу.
6. Ересектер мен балалардың сүйек кемігін аутологиялық және
туысқандық транспланттауды қоспағанда, тіндерді (тіндердің бөліктерін) немесеағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттауды талап ететін аурулар, мөлдірқабықты транспланттау.
7. Өңеш стеноздары.
8. Трахея стеноздары.
«Бюджет қаражаты есебінен ҚР азаматтары біздің елімізде жасалмайтын жоғары технологиялық медициналық қызметтерді алу үшін шетелге жолданады. Бұл технологияларды жасауды отандық мамандарға үйрету мақсатында жыл сайын шетелдік мамандарды тарту арқылы отандық медициналық ұйымдарда шеберлік дәрістері өткізіледі», — дейді ведомство өкілдері.
Шетелде ем алу үшін не істеу керек?
Науқастар шетелде емделуге жолдама алу үшін заңға сәйкес республикалық денсаулық сақтау ұйымы (Ғылыми-зерттеу институттары және орталықтары) науқастардың құжаттар пакетін министрліктің Жұмыс органына жіберуі тиіс.
«Ең алдымен республикалық денсаулық сақтау ұйымы Жұмыс органының қарауына мынадай құжаттарды жібереді: пациенттің жеке басын куәландыратын кұжаттың көшірмесі; медициналық ұйым ұсынған, 30 жұмыс күнінен аспайтын диагностика және емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес жүргізілген барлық зерттеудің және консультацияның нәтижелерін қамтитын пациенттің сырқатнамасынан үзінді. Сондай-ақ жоғарыда аталған қағиданың 3-қосымшасына сәйкес пациентті шетелдік ұйымдарға емделуге жіберу туралы республикалық денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы», — дейді ведомство қызметкерлері.
Министрлік қызметкерлерінің айтуынша, шетелге емделуге жіберу туралы шешімді Жұмыс органы қорытындысының негізінде Министрліктің ҚР азаматтарын шетелдік медициналық ұйымдарға емделуге жіберу жөніндегі комиссиясы қабылдайды.
Ем алуға ақыны кім төлейді?
Шешім қабылданғаннан кейін, жұмыс органы пациенттің және алып жүруші адамның (балаларға және (немесе) күтімге мұқтаж адамдарға) емдеу және жол жүру шығындарын төлейді.
«Сондай-ақ, шетелге емделу үшін көрсетілімдері болған және ҚР денсаулық сақтау ұйымдарында диагностика мен емдеудің қолдануға рұқсат етілген барлық әдісін пайдаланған, бірақ емнің оң нәтижесі болмаған 18 жасқа дейінгі балалардың құжаттары қаралады», — дейді министрлік өкілдері.
Қай елдерге ем алуға жіберіледі?
Олардың айтуынша, елімізде емделмейтін ауру түрлерін емдеу мақсатында пациенттер Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Германия, Израиль, Жапония сынды мемлекеттерге бюджет қаражаты есебінен жіберіледі.
Сондай-ақ шетелге емделуді қажет ететін науқастардың құжаттары Жұмыс органына түскен күннен бастап тізілімге тіркеледі. Тізілімді Жұмыс органы әр тоқсан сайын жаңартып тұрады. Бұл тізілімді сайтынан — fms.kz тексеруге болады екен.