Oсыдaн турa 13 жыл бұрын eң aтaқты әлeумeттік жeлілeрдің бірі кeң қoлдaнысқa тaрaды. 2006 жылдың 15 шілдeсі — Twitter жeлісі әлемге тараған күн. Тengrinews.kz тілшісі «твит жасау» ұғымын әкелген желі туралы баяндайды.
Брендтің атауы Stat.us болуы мүмкін еді
Бір қызығы, басында Twitter бүкіл әлемге тарайтын желі ретінде құрылмаған. Ол Odeo компаниясының қызметкерлері өзара сөйлесе алуы үшін арнайы жасалған. Оны құрған — Джек Дорси. Twitter-дегі ең алғашқы жазбаны да сол қалдырған: «Өз twttr-імді жөндеп жатырмын». Ең алғаш құрылғаннан бастап Twitter-де жазбаны 140 символмен ғана қалдыруға болатын. Былтыр ғана Twitter жазба жариялау көлемін 280 символға дейін арттырды.
Ең алғашқы твит
Осындай микроблог сервисін ашу идеясын Дорси ұзақ жылдар бойы ойластырып келген екен. Тіпті, алғашқы нұсқасын да ойластырып қойған. Бастапқы нұсқада оның атауы Stat.us болатын.
Бұл прототипті жасап жатқан кезде қызметкерлердің бірі Ноа Гласс жаңа сервистің атын ойлап табады — Twttr, ағылшын тілінен аударғанда «сайрау, шиқылдау» дегенді білдіреді. Ол кезде Twitter.com домені бос болмаған, Odeo компаниясы оны кейін сатып алды.
Табиғи апат танымалдығын арттырған
Сервистің толық нұсқасы 2006 жылы 15 шілдеде таныстырылды. Ол кезде сервис әлі Odeo компаниясының құзырында еді. Тек сол жылы күзде ғана Дорси бірнеше адаммен бірігіп, жаңа компания ашады да, Odeo-ны толық сатып алады. Сол кезде Twitter де жаңа компанияға ауысқан. Нәтижесінде 2007 жылы сәуірде бұл сервис жеке компания болып шықты.
Жалпы, бұл сервистің дамуына себеп болғандардың бірі — табиғи апат. Сервис енді ашылған кезде Сан-Францискода шағын жер сілкінісі тіркелген екен. Сол кезде тұрғындар Twitter-ге жерасты сілкінісі туралы жазып, адамдар жан-жақтан сервиске тіркеле бастаған.
Ал сервисті шынайы атақты қылған 2007 жылғы South by Southwest фестивалі болатын. Бұл күні «твиттердің» саны 20 мыңнан 60 мыңға өскен. Көптеген сарапшы сервиске өте жоғары баға берді. Нәтижесінде Twitter сол фестивальде Web Award жүлдесін иеленді, ал Джек Дорси алғысын былай білдірді: «Сіздерге 140 символмен алғыс айтқымыз келеді және дәл қазір солай жасадық!».
Осылайша танымалдығы артқан Twitter-де 2008 жылы мамырда миллиардыншы жазба жарияланады. Сөйтіп, сервис ақырындап АҚШ шекарасынан аса бастады. 2009 жылы Twitter-дің миллионыншы қолданушысы тіркелді — бұл америкалық актер Эштон Кутчер болды. 2010 жылы қаңтарда тағы бір оқиға сервистің танымалдылығын арттырды. Ғарышкер Тимоти Джон Кример ғарыштан алғашқы твитті жариялады.
Саяси төңкеріске алып келген желі
2009 жылы Twitter өзін тұтас елдің саясатына да әсер ететінін сервис ретінде көрсетті. Молдовада парламент сайлауын әділетсіз деп санаған жастар ұйымы Twitter желісіндегі парақшасында флешмоб бастап, сайлау нәтижесіне көңілі толмағандарды Кишиневтің басты алаңына шақырған. Нәтижесінде митингіге шыққандар парламент пен президент сарайын бұзып, салдарынан елде үкімет толық өзгерген болатын. Жергілікті БАҚ бұл оқиғаны Twitter-төңкеріс деп атап кеткен.
© Flickr
Осы тұста «твипломатия» ұғымы кеңінен дами бастады — мемлекет басшылары, министрлер, елшілер мен түрлі шенеуніктер сервисте аккаунт ашты. Былтырғы көрсеткіш бойынша, 187 елден мемлекет басшылары мен үкімет мүшелерінің атынан ашылған 951 аккаунт тіркелген.
Айта кетсек, Twitter-ге тіркелген президенттер қатарында Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Оның парақшасына 130 мыңға жуық адам жазылған.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың парақшасы
АҚШ президенті Дональд Трамп та негізгі әлеуметтік желі ретінде Twitter-ді қолданады. Оны 60 миллионнан аса адам оқиды.
Twitter-де кімнің парақшасына ең көп адам жазылған?
Twitter-ді саясаткерлер ғана емес, шоу-бизнес өкілдері де белсенді қолданады. Сервисте ең көп жазылушысы бар аккаунт та әншіге тиесілі. Танымал әнші Кэти Перриге қазір 107,7 миллион жазылған.
Кэти Перридің парақшасы
Ал АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама әншіден сәл ғана қалып тұр. Экс-президентті 107,1 миллион адам оқып отырады.
Үздік үштікті Джастин Бибер түйіндейді. Америкалық жұлдызды сервис арқылы 106 миллион адам бақылап отырады. Тағы бір әнші Тейлор Свифтке 83,9 миллион адам жазылған. Бестікті әнші әрі актриса Леди Гага қорытындылап тұр — 78,9 миллион жазылушы.